Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі.
Мағжан Жұмабаев
20 тамызда мұғалімдердің бүкіларалық тамыз конференциясымен бірге қоғам қайраткері, ҚР Оқу ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, білімді ұстаз, білікті басшымыз болған Ихсанов Бақтығали Рысқалиұлына Ақтау қаласындағы өзі тұрған 28ш/ а,10 – үйінде мемориалдық тақтаның ашылуы өтті. Маңғыстау өлкесінің білім саласына үлкен еңбегі сіңген, өнегелі өмір жолы мен адал қызметі туралы үзеңгілес әріптестері, достары, ардагерлер,әкімшілік, ұстаздар қауымы жиналып салтанатты шарада сөз сөйлеп, еске алды.
Ихсанов Бақтығали Рысқалиұлы 1940 жылы Гурьев облысы,Новобогат ауданына қарасты Айбас ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Гурьев қаласындағы С.Орджоникидзе атындағы орта мектепті бітірген соң, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, 1962 жылы филология факультетін тәмамдайды.Ұстаздық еңбек жолын Гурьев, Жамбыл облыстарында атқарды.1966 жылы Жамбыл облыстық комсомол комитетіне ауыстырылып, «Оқушы және студент жастар» бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды.1967 жылы Мәскеу қаласындағы «Жоғары комсомол мектебінде» оқыды. Комсомол қызметінен 1969 жылы «Тіл білімі ғылыми институтының» ізденуші аспиранты болуына байланысты Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы Н.К. Крупская атындағы орта мектебі директорының орынбасары қызметіне ауысты. 1972 жылы Жаңаөзен қаласына қоныс аударуы себебімен Жаңаөзен аудандық оқу бөлімінің инспекторы қызметіне тағайындалды. 1973 жылы Маңғыстау облысының құрылуына байланысты, оның құрамындағы Ералы ауданының аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымына бекітілді. 1983-1989 жылдар арасында Қазақстан Республикасы геология министрлігіне бағынатын оқу- өндірістік комбинатының директоры қызметін атқарды. 1989 жылы конкурстық негізде жаңадан ашылған №20 Ақтау қалалық орта мектебі директоры лауазымына тағайындалды.Сол кездері М.Әуезов атындағы №20 орта мектеп Маңғыстау облысының «Ең үздік мектебі» атағына ие болды.